Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында балабақшаларға кезекке тұруды автоматтандыру үдерісі қаралды.Отырыста мектепке дейінгі ұйымдар үшін есепке алудың бірыңғай базасын құру мәселесі талқыланды.
Оны пилоттық режимде биылғы жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр, ал 2024 жылғы қаңтардан бастап бүкіл республика бойынша қолданылады, — делінген премьер-министрдің хабарламасында.
Әлихан Смайылов балабақшаға кезекке қою және кезекті жылжыту үдерісін толық цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар отырыста жасанды интеллект технологияларын дамыту, мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру, мемлекеттік аппараттың негізгі үдерістерін цифрландыру, бизнес субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды. Бұл тексерулерді тағайындау кезінде адами факторды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселені болдырмауға мүмкіндік береді.