Басты бетЖаңалықтарТараздағы мектепте...

Тараздағы мектепте жарылыс болды: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

Таразда №44 мектеп гимназиясында жарылыс болды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады.

Тараздағы Кенен Әзірбаев көшесі, 154 мекенжайында орналасқан 44 мектеп-гимназиясы ғимаратының 3-қабатында жарылыс болды. Аумағы 20 шаршы метр оқу бөлмесі жанған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың 3-қабатында құрылыс болып жатқан. Бөлмелерді бояған кезде бояу мен еріткіш қосындысын араластырғанда өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өртті толығымен сөндірді,  — делінген облыстық әкімдік таратқан хабарламада.

Өрттен алты жұмысшы дене жарақатын алған. Алты адамның төртеуі – әйел, екеуі – ер адам. Жарылыстан жан сауғалаған екі адам үшінші қабаттан секіріп кеткен.

Зардап шеккендер қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Сол күні зардап шеккен екі адам үйіне қайтарылды. Ал екі адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жансақтау бөліміне түскен екі науқас — 2001 және 2002 жылы туған әйел адамдар.

Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 292-бабы 1-ші бөлігі «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама жасалып жатыр.

Ал облыс басшысы зардап шеккен жұмысшыларға көмек берілетінін айтты. Сонымен қатар қала әкімі зардап шеккендердің ата-анасымен кездесіп, барлық медициналық, әлеуметтік көмек беріліп, жалақысы толық төленетінін және өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың барлық шығынын мердігер «Азамат құрылыс» ЖШС-і өз мойнына алатынын айтты.