Comic Con Astana фестивалінде Хәрри Поттер жайлы кітаптардың бейімделген аудармасымен танылған «Steppe&World» баспасы өз жұмысы мен Поттериана фанаттарының қолдауы туралы айтып берді.
«Steppe&World» директоры және оның негізін қалаған Раиса Қадыр кітаптарды аударып қана қоймай, қазақ тілінде сөйлейтін және оқитын ортада қызыққан әлеміне қарай клубтар құру керек екенін айтады. Мысалы, олардың баспасы «Поттержандар» деген жас сиқыршы Хәрри Поттер туралы туындының фанаттарының бірлестігін қолдайды.
Бізге кітаптарды аударып қана қоймай, оларды көпшіліктің оқығаны, қолданғаны маңызды. Сол үшін біз Хәрри жайлы кітаптарды аударғаннан бөлек Поттержандар қауымдастығын дамытып жатырмыз, — деді Раиса Қадыр.
«Steppe&World» баспасы қазақ тілін насихаттаумен айналысады және әлемдік бестселлерлерді аударады. Осы уақытқа дейін баспа 100-ге жуық кітап пен комиксті аударды, олардың арасында Хәрри Поттер сериясынан басқа «Нарния шежіресі», «Итбас» комикстері және «Әлсіздің күнделігі» бар.
Фестивальде баспаны иллюстратор және аудармашы Абылай Сұлтан мен амбассадор Дастан Аққожа таныстырды.
Іс-шараның басты хедлайнерлері «Галактика сақшылары» жұлдыздары Шон Ганн мен Майкл Рукер, «Фантастикалық құбыжықтар: Дамблдор құпиялары» фильмінің актеры Александр Кузнецов болды.
Фестивальде ұйымдастырушылар көрерменге комикстер авторларының аллеясын және арнайы атрибуттар, аниме, комикстер, кітаптар, қолдан жасалған бұйымдар немесе ерекше тауарлар сатып алуға болатын жәрмеңке алаңын ұсынды. Әлемнің түрлі елінен 150-ден астам автор қатысты.
Оған қоса фестивальде жалпы жүлде қоры 10,000,000 теңге болатын кәсіби косплей байқауы өтті.
Биылғы бағдарламаның жаңалықтарының қатарында аниме, азиялық комикстер – манга, манхва және маньхуа, K-Pop музыкалық мәдениеті, J–Pop және Қазақстандық нұсқа – Q-pop, дорамалар және басқа да көптеген бағытты қамтитын азиялық поп мәдениетке арналған Pop Asia тақырыптық көрме аймағы бар.