Смайылов инвестициялар туралы: Мәселені әдемі баяндайсыз, бірақ фактілер мен цифрлар басқаша “сөйлеп” тұр

Премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдерді инвестицияны аз тартқаны үшін сынға алды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.

Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 триллион теңге инвестиция тарту қажет екенін айтты. Алайда сегіз айдың қорытындысы бойынша, жылдық жоспардың небәрі 52%-і орындалған.

Осыған байланысты жоспарды орындау үшін кейбір өңір мен мемлекеттік орган алдыңғы айларға қарағанда өте ауқымды көлемде инвестиция тартуы қажет.

Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру тоқтап қалған. Жалпы, биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 миллиард теңгеден астам қаржы салынбаған.

Бұл мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, бірақ ұсынылған ақпарат үкімет басшысын қанағаттандырмады.

Сіз мәселенің тігісін жатқызып, әдемі баяндайды екенсіз, бірақ фактілер мен цифрлар басқаша “сөйлеп” тұр. Сіздің мәлімдеуіңізше, инвестициялар бойынша нақты көлем индексі — 100,1%, ал іс жүзінде былтырғы деңгейде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқ екенін білдіреді, яғни былтырмен салыстырғанда өсім жоқ. Жұмысты күшейтіңіз. Сіздердің бірқатар инвестициялық жобаңыз тоқтап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіздер. Келесі жылды күтпей, биыл нәтиже көрсетуіміз керек, — деді Әлихан Смайылов.