Шығыс Қазақстан облысында пеш жағып отырған жер үйлерден 529 бұзушылық анықталды.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар жылыту маусымы таяған сайын жер үйлерді аралап, бақылауды күшейтіп жатыр.
Қауіпсіздік шаралары әр үйде сақталуы керек. Көбінесе, өрт пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзудан, электр құрылғыларына жүктеменің артуынан, тұрғын үйде темекі шегуден шығып жатады. ТЖД қызметкерлері азаматтарға нұсқаулық өткізіп, үй иелеріне пешті қысқы кезеңге қалай дайындау керектігін түсіндіруде. Жауапты жандар жазда пешті сылап, мұржаны тазалап қояды, — дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Оның айтуынша, жанғыш заттар, перделер пешке жанаспауы керек. Пеш үстінде аяқ киім мен киім қалдыру қауіпті.
Сонымен қатар пештің есігінің астындағы еденге кем дегенде 70х50 см металл парақты шегелеу қажет. Бұл еденді пештен түскен шоқтан қорғайды. От жағу кезінде пештің жанына ағаш пен қағаз қоюға болмайды.
Пеш пен жиһаз немесе басқа да оңай жанатын заттарға дейінгі қашықтық кемінде бір метр болуы керек. Пеш жағу үшін бензинді және кез келген басқа тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады.
Осы уақытқа дейін құтқарушылар әлеуметтік тұрғыда осал отбасы тұратын 3574 үйді түгелдей аралап шықты. Оларда қазіргі уақытта көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Бұдан бөлек, мамандар пешпен жылытылатын 1800-ден астам тұрғын үйге барды. Онда 529 бұзушылық анықталып, тұрғындарға ескерту жасалды, — делінген ақпаратта.