Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының ашылғанына биыл 70 жыл толды. Бүгінде аймақта Азаттық радиосының Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Тәжік және Түркімен қызметтері жұмыс істейді. Айтулы датаға орай, радио медиафорум өткізді.
Азаттық — қазір 23 елде 27 тілде ақпарат тарататын ірі халықаралық медиа. Бұл бір елде болған үлкен өзгеріс, революция, төңкеріс, саяси наразылық – осының бәрі ондаған елге, ондаған тілде ақпарат болып тарайды дегенді білдіреді.
Медиафорумда Азаттық өкілдері мен қонақ спикерлер Орталық Азиядағы баспасөз еркіндігінің ахуалын талқылады және Орталық Азиядағы демократияның дамуы жайлы пікір айтты.
Азаттықтың Қазақ бөлімінің басшысы Төреқұл Дооров радио Орталық Азиядағы түрлі жағдай кезінде қалай ақпарат таратқанына тоқталды.
«Азаттық» радиосының 70 жылдық тарихы – форматтардың өзгеріп кете беруі мүмкін екенін көрсететін жарқын мысал. Кеше дыбыс, дауыс, үн болса, бүгін видео, тікелей трансляциялар арқылы хабар таратып жатырмыз. Ал ертең бізді не күтіп тұрғанын болжау қиын. Бірақ формат өзгерсе де, шынайы, объектив хабар тарату өзгерген жоқ. Өйткені бұл демократия үшін, біздің миссиямыз үшін маңызды, — деді Төреқұл Дооров.
Ол 2019 жылғы маусымда Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жарылған кезде Азаттықтың қалай ақпарат таратқанын айтты.
Шымкентке босып, жиналған халық, эвакуацияланған 10 мыңдаған адам. Сыртта 40-45 градус ыстық. Азаттық YouTube-те тікелей эфир жүргізіп жатыр. Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы бірнеше сағат үздіксіз хабар беріп жатқан кез. Кенет біздің түсіру тобымызға агрессив жастар тобы келеді, — дейді Төреқұл Дооров.
Тілші Асылхан Мамашұлы бұл топтың шабуылға дайын болғанын айтқан. Топ тіпті алматылық журналистердің басқа тобына тиісіп те үлгерген.
Асылхан «Бұл — Азаттық радиосы. Біз Азаттықтанбыз!» деп айғайлап үлгереді. «Сол сәтте бәрі бірден өзгерді. Талап тастағалы тұрған жастар қол жұмсау орнына, қорғаштап, бізді топтың ортасына өткізіп жіберді», — дейді Асылхан. Бұл хикая – сенім туралы сөз, — деді радионың Қазақ бөлімінің басшысы.
Оның айтуынша, кейінгі екі-үш жылдағы глобалдық тенденцияға қарасақ, бұқаралық ақпарат құралдарына сенім азайып барады. Мұны әлемдегі медиа трендтерді зерттейтін Reuters институтының, Gallup-тың, тағы басқа қорлардың сауалнама-зерттеулерінен көруге болады.
Кеше ғана Қазақстанда VКонтакте, Facebook лидерлік позицияда болса, бүгін олардың орнын Instagram мен TikTok, Telegram басып отыр.
Төреқұл мырза Азаттықтың Орталық Азиядағы әр редакциясы маңызды саяси және басқа оқиғалардан трансляцияларды Telegram арқылы жүргізетінін айтты.
Азаттықтың Орталық Азия аймағында істейтін қызметтері тілшілер санының аз екеніне, техникалық мүмкіндіктің шектеулі екеніне қарамай, үлкен оқиғаларда таратқан хабары ерекшеленіп тұратынының сыры да осында – журналистикадағы форматтар өзгерісі қандай жылдам жүрсе де, адам құқықтарын, демократия құндылықтарын жоғары қойған шыншыл, бейтарап, объектив жаңалық таратамыз деген ниетімізден қайтпайтынымызда, — деді Төреқұл Дооров.