ҚР президенті баспасөз хатшысының орынбасары лауазымына Ержан Байтілес тағайындалды. Бұл туралы президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Белгілі журналист Ержан Байтілес бүгіннен бастап Қазақстан Республикасы президенті баспасөз хатшысының орынбасары қызметіне кірісті. Ол бұған дейін ҚР мемлекеттік кеңесшісі хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еткен еді, — деп жазды Берік Уәли Facebook-парақшасында.
Ержан Байтілес «Ақ жол Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Алты Алаш», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» секілді еліміздің іргелі басылымдарында тілшіліктен бастап журналистиканың барлық сатысынан өткен тәжірибелі журналист.
Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмысқа да белсенді араласқан. Президент баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР мемлекеттік кеңесшісінің хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болған.