Ұшақта шылым шеккендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Әуе кемесінің бортында шылым шеккен азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Себебі, оның бұл әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Ұшақ, шылым шегу

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Оған Сенат депутаттары мен Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері қатысты. Аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Сенат палатасының қарауына жіберілді.

Отырыстан кейін аталған ведомство басшысының орынбасары Роман Скляр журналистердің сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, енді әуе кемесінің бортында темекі тартқан азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екен.

«Біз ICAO халықаралық ұйымының талабына сәйкес өз заңнамамызды реттеп жатырмыз. Ең маңыздысы – ол аэропорттағы авиациялық қауіпсіздікті күшейту. Яғни, тексеру бекетін және әуе апатына байланысты оқиғаларды зерттейтін қызметті құру осы саладағы жұмысты одан әрі жандандыра түседі. Шылым шегу – заңға енгізілгелі отырған өзгерістің бірі. Ол әуе кемесіне қауіп төндіреді. Сондықтан бұл әрекет заң бұзған болып есептелінеді. Негізінде бұл – өте маңызды. Осы талапты бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Біздің ойымызша, мұндай оқиға ұшу қауіпсіздігі кезінде жай қаралмауы шарт. Қазіргі таңда осы талап бұзылған жағдайда азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал егер ұшу қауіпсіздігіне қауіп төнсе ғана ол (заңдағы талапты бұзған азамат – автор), тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.