Басты бетЖаңалықтарБҚО-ның Қараоба...

БҚО-ның Қараоба ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында 43 медициналық ұйым бар, 2 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетуде. 

Соның бірі – Қараоба дәрігерлік амбулаториясы. Күрделі жөндеуден өткен нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі А.Сарқұлов денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бүгін Қараоба ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөнделіп, тұрғындар игілігіне берілгеніне куә болып отырмыз. Қазір Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның, Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Қайшақұдық ауылына жаңадан модульды медициналық пункт салу жоспарда бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Казталов аудандық ауруханасы 2023-2025 жылдары медициналық жабдықтармен толық жарақтандырылып, 2024-2025 жылдары көпбейінді орталық ауруханаға айналмақ. Медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі және денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстар жалғаса береді, — деді аудан әкімі.

Қараоба дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмысын «АИАС Құрылыс Сервис» ЖШС жүргізді. Мердігердің атқарған жұмысына халық дән риза.

Тәніміз ауырса дәрігерге жүгінеміз. Осы күнге дейін біз ауылдағы 1980 жылы іргесі қаланған дәрігерлік амбулаторияның жарамсыздығы жөнінде талай мәрте мәселе көтердік. Бұл мәселе оң шешімін тауып, жарқыраған жаңа нысан салынды. Халықтың қуанышын еселеген жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, мердігерге және ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамыз, — деді ауыл тұрғыны Набидолла Мәжитов.

Жаңа ғимаратта күніне 35-тен астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Учаскелік дәрігер бөлмесі, күндізгі емхана, физиотерапиялық ем қабылдау, әйелдерді қарау, емшара, дәрігерге дейінгі қабылдау, баланы дамыту, екпе бөлмелері және тіркеу орыны бар. Дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер Нұрзила Сарсенбиевамен бірге 6 медицина маманы және 5 кіші қызметкер қызмет атқарады.