Алматы әкімі Ерболат Досаев пен TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптан Алматы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылыс барысын талқылады.
С.Каптан атап өткендей, қазір негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 65%-ға бітті. Құрылыс қарқыны жеделдеп отыр. Қолданыстағы терминалдың эстакадасы биыл 1 қыркүйекке дейін ашылады. Нысанды пайдалануға беру белгіленген мерзімнен бұрын – 2024 жылы жаз айының басына жоспарланып отыр.
Қала басшысы Алматы әуежайында қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар мәселені инвесторға айтты. Алматылықтар мен қала қонақтары бірнеше сағаттық кезекті, жүкті ұзақ күтуді, көлік тұрағының жетіспеушілігін және тиісті шара қабылдауды талап ететін өзге де ыңғайсыз жағдайға тап болып отыр. С.Каптанның айтуынша, жазғы каникул мен демалыс кезінде рейстердің көбеюіне байланысты қосымша кезек пен кептеліс байқалуы мүмкін. Әуежай әкімшілігі қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдап отыр – жүк желілері жаңартылды, жаңа кондиция жүйелері орнатылды, жайлы автобустар сатып алынды. Жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 53,500 м2. Ол пайдалануға берілген соң Алматы әуежайының өткізу қабілеті жылына 14 млн. адамға дейін артады, бұл әуе айлағының жұмысын ретке келтіруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, былтыр Алматы халықаралық әуежайы жылына 2,7 млн.адамға есептелген өткізу қабілеті кезінде 7,2 млн жолаушыны қабылдады. Биыл жолаушылар саны 9 млн. адамға дейін өседі деп болжануда.
Жаңа жолаушылар терминалы ашылған кезде әуежай әкімшілігі ескісін жаңартуды көздеп отыр. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.
Алматы халықаралық әуежайын кеңейту жөніндегі ауқымды жоба жолаушылар терминалы мен жалпы мақсаттағы авиацияның жаңа ғимараттарын салуды, сонымен қатар, эстакаданы, ұшу-қону жолағын және вокзал маңы аумағын қайта жаңартуды қамтиды.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен Жол картасын іске асыру туралы уағдаласты. Ерболат Досаев құрылыс жұмыстарының аяқталуын жеделдету қажеттігін атап, нысанның стратегиялық маңызына байланысты Алматы әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Айта кетейік, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы ғимаратының ашу 2024 жылдың тамызына жоспарланған болатын. Бұған қоса, Серкан Каптан жақында құрылыс нысандары бойынша баспасөз турының өтетінін хабарлады, кез келген ниет білдіруші Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және дамыту жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен таныса алады.