Қазақстанда жанар-жағармай бағасының көтерілуіне байланысты «эконом» класқа жататын автокөлік иелерін көлік салығынан босату жоспарланып отыр.
Ұлттық экономика министрлігі салық кодексіне өзгеріс енгізетін құжатты әзірледі. Оған сәйкес, қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, темекі акциздері, сәнді заттарға салық салу, салық жеңілдіктері және тағы басқа маңызды өзгерістер бар.
Көлік салығын да өзгерту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы ЕАЭО елдері шеңберінде мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшу жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың шығыны артады. Оған қоса, көлік салығын, кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы тағы бар.
Жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне (мысалы, екі есе) байланысты азаматтардың көлік құралдарын иеленуге және пайдалануға арналған шығыны тиісінше өседі. Бұл әсіресе «эконом» класты көлік иелерінің қалтасына салмақ салады, сәйкесінше олардың әлеуметтік және материалдық жағдайының нашарлауына жол бермеу шаралары қажет, — делінген құжатта.