Алматыдағы арнайы жасақ түнгі клубтардың бірінде есірткі сатып жүрген жігітті ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
27 жастағы ер адам ойын-сауық мекемесінің аумағында синтетикалық мефедрон есірткісін сатқан.
Полицияның жедел қызметкерлері мен арнайы жасағы таңғы сағат үште түнгі клубта күдіктіні ұстады. Тінту кезінде ашық сұр түсті ұнтақ түріндегі синтетикалық заты бар бума табылды. Барлығы сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Қазіргі кезде қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталады.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, осы қылмыс үшін бес жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.