Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосымша құзыреттер беруді көздейтін президент жарлығының-жобасы ашық талқыға шығарылды.
”Ашық” НҚА порталында жарияланған құжатта жазылғандай, аталған ведомствоға мына функциялар берілмек:
— ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін, сонымен қатар азаматтық контингентiн мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы ұсыныс жасау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
— ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының профилактикалық есепке алуды жүргізу және профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
— техникалық барлауға қарсы іс-қимыл қағидаларын әзірлеу және бекіту;
— ақпаратты және техникалық құралдарды қорғау тиімділігінің нормаларын және олардың қорғалуын бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
— бөлінген бюджет шегінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратты техникалық қорғау және мемлекеттік құпияларды қорғау саласында мамандар даярлау орталығында мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары бойынша оқытушылардың қызметін төлеу үшін 1 академиялық сағатының құнын белгілеу;
— ұлттық қауіпсіздік органдарының қарсы барлау, барлау, жедел-іздестіру қызметін және тергеу әрекеттерін психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
— ұлттық қауіпсіздік органдарында әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауына тексерулерді жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
Жарлық-жобасы 19 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.