Басты бетЖаңалықтарБҚО-ның Пойма...

БҚО-ның Пойма ауылында жаңа мектеп ашылды

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Пойма ауылында жаңа мектеп ашылып, елдімекен тұрғындарын қуанышқа бөледі. Салтанатты рәсімге өңір басшысы Нариман Төреғалиев арнайы қатысты.

Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында Теректі ауданы бойынша 18 жалпы орта білім,  10 негізгі, 8 бастауыш білім беретін мектеп, 11 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша, 20 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы бар. Олардың қатарында ғимараты әбден тозып тұрған мектептер де аз емес.  Бұл  күн тәртібінде өзекті  тұрған мәселе. Қазіргі уақытта мәселенің күрмеуі шешіліп, ауданда  төрт мектепке жаңа ғимарат салу жұмысы жүріп жатыр. Соның бірі осы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылындағы мектеп болатын.

Екі қабатты мектеп ғимаратының сыйымдылығы — 108 оқушы. Жаңа мектеп  заман талабына сай салынған. Ғимараттың ішінде пәндік кабинеттер,  спорт залы, тағы да басқа қажетті бөлмелер бар. Мектептің салынуы туралы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылып, енді, міне жұмыстың жеміс бергенін айта кеткен жөн.

Фото: БҚО әкімдігі

Көптен күткен осынау қуанышқа ортақтасқан өңір басшысы Нариман Төреғалиев:

Ел Президенті алдымызға төрт өзекті міндетті қойды. Олар: егемен елдің іргетасын қалау, әлеуметтік бағдарламамен қоғам құру, нарықтық экономика қалыптастыру және қоғамдық ойды қайта құру, жаңғырту. Біз осы мүдде жолында жүйелі жұмыс істеп келеміз. Әлеуметтік бағдарламамен салынып жатқан бүгінгідей білім ордаларына келешекке салынып жатқан инвестиция деп қарауымыз керек. ХХІ ғасыр Қазақстанның алтын дәуірі десек, сол алтын уақыттың ұрпағы да сондай қасиетке ие болуы тиіс. Яғни, жаңа заманның шақыруларына біздің ұрпағымыз дайын тұру үшін жас ұрпақтың толыққанды білім алуына жағдай жасау — біздің басты міндет, — деп жаңа нысанның ашылумен құттықтады.

Одан әрі ардагер ұстаз Қымбат Мырзағалиева мен нысанды салған мердігер — «Ка Строй LTD» ЖШС директоры Серік Кисембаев сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімі жүргізіліп, білім ордасының кілті Пойма мектебі директорының міндетін атқарушы Жанар Айтқалиеваға тапсырылды.

Мұнан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары мектептің материалдық-техникалық жағдайымен, робототехника кабинетімен танысты. Өңір басшысы қуаныштан жүздері бал-бұл жанған шәкірттермен жүздесіп, зейінді, білімді болуларын қалайтынын айтты. Сонымен қатар жас мамандармен сұхбаттасып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Пойма ауылына сапар барысында облыс әкімі  жалпақ жұртшылықпен  де кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түрді. Айта кетсек, жаңадан бой көтерген мектеп қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан. Ауыл тұрғындары енді осы көше жолын асфальттауды сұрады. Облыс әкімі бұл ұсынысты құп алып, аудан әкімі Әлия Мұхамбетжановаға тиісті тапсырма берді.