Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания президенті Байрам Бегай шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Бұл – тарихтағы Албания президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымқатастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті, — деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Албания президенті Байрам Бегай Қазақстанға сапармен келгеніне өте қуанышты екенін айтты.
Арнайы шақырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын, – деді Албания басшысы.