Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында тағы бір мектепте алғашқы қоңырау соғылды

1 қыркүйек – Білім күнінде Еңбекшіқазақ ауданында 1 500 орындық мектеп пайдалануға берілді.

№ 6 қазақ орта мектеп-лицейінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Елубаева, аудан әкімі Алтай Досымбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысты.

Нұржан Құдайбергенов облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың атынан мұғалімдер мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қымбатты оқушылар! Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін облысымыздағы 456 мектепте қоңырау соғылып, 330 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. 38 мыңнан астам бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттады. Облысымызда алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланып жатыр. Оның сегізі Еңбекшіқазақ ауданында бой көтереді. Баршаңызға табыс, қуаныш тілеймін. Балаларымыздың зейіндері ашылсын!, – деді Нұржан Кеңесұлы

Жаңа мектептің алғашқы қоңырауы соғылды. Қонақтар ішке еніп, оқу кабинеттерімен танысты. Мектептің оқу корпусы типтік жоба бойынша салынған және 1 500 орынға есептелген. 84 оқу кабинеті, 5 зертханалық (физика, биология, химия), 2-информатика, 2-мультимедиялық, 7 ағылшын 1 тігін, 4 шеберхана, 2 АӘД кабинеттері, 2 спортзал, 1 стадион, 2 жаттығу алаңы бар.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Сонымен қатар 270 орындық асхана, 1 кітапхана білім алушыларға қызмет көрсететін болады. Жаңа оқу орнында балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Осылай Есік қаласындағы 3 ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. «BI Global» компаниясы мердігерлік еткен мектеп құрылысына 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрланұлының айтуынша, жаңа шаңырақ көтерген білім ордасы инновациялық технологияларды, компьютерлік мүмкіндіктерді пайдалану, интерактивті білім беру бағытына басымдылық береді. Сол үшін, онда еңбек ететін ұстаздардың кәсіби біліктілігіне де айырықша көңіл бөлінеді.

Жаңа мектепке лицей талабына сай келетін жоғары санаттағы мұғалімдерді арнайы конкурс арқылы қабылдап жатырмыз. Бүгінде конкурстан өткен 78 мұғалім қызметке кірісті. Білікті мамандарды оқу ісіне тарту үшін конкурс әлі жалғасын табады. Алда лицей сыныптарына емтихан арқылы үздік оқушылар қабылданатын болады, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Аталған № 6 қазақ орта мектеп-лицейі толық мемлекеттік тілде сабақ береді. Бұған дейін Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы орта мектеп қана тек қазақ тілінде болатын. Енді міне, Есікте ана тілімізде білім беретін оқу орнының қатары жаңа мектеппен толықты.