Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдау кезінде мәлімдеді.
Президент атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін айтты.
Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Бірақ көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады, — деді президент парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыру қажет екенін жеткізді.
Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, — деді президент.