Басты бетЖаңалықтарПрезидент ауыл...

Президент ауыл мен қала арасындағы алшақтық туралы айтты

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуде ауыл мен қала арасындағы алшақтықты сөз етті.

Ауыл тұрғындары басқа мәселелерге қарағанда, жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімі мен сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Құқықтық насихат бағытындағы сіздердің күш-жігерлеріңіз ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты дәйекті түрде қысқартуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол омбудсмен өкілдіктері өңірлерде құқықтық сауаттылықты арттыруға тиімді ықпал ете алатынын алға тартты.

Жергілікті қоғамдастықтар азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алуға тиіс. Адамдар қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көріп, бағалай алуы қажет. Бұл – басты міндет. Елімізде жолға қойылған Уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам, — деді президент.