Басты бетЖаңалықтарҚарағандыда балалардың...

Қарағандыда балалардың улану себебі әлі күнге дейін белгісіз

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында уланған бес бала әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

Министрдің айтуынша, зертханалық зерттеулер әр түрлі кезеңдерде жалғасып жатыр. Бір-екі айға созылатын зерттеулер бар.

Сонымен қатар бас прокуратураның тексеру қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Мұнда жұқпалы аурулар нұсқасы алынып тасталды. Балалардың барлық биологиялық материалдары неден уланғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Балалар толық ем алып жатыр. Оларды дәрігерлер улы заттан туындаған аурулар туралы хаттамамен емдейді. Барлық республикалық үздік мамандар оларға күн сайын кеңес береді, қажет болса сол жерге барады. Неліктен біз балаларды бірден республикалық деңгейге жеткізбедік, өйткені тасымалдау олардың жағдайын нашарлатады. Балалар әлі аппаратта жатыр. Қазір екі бала ӨЖЖ аппаратынан алынып, неврологиялық бөлімшеге ауыстырылып жатыр, — деді Ажар Ғиният.

Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды.