Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі телеарналарда ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне шектеу қойылатынын мәлімдеді.
Бұл туралы министрліктің Telegram-каналы хабарлады.
Министрдің айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықты азайту. Әйтпесе, мектеп оқушылары арасында ММА әдістерін қолдану әрекеттері жиілеп кеткен.
Телеарналарда зорлық-зомбылықты азайту мақсатында ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне де шектеу қойып жатырмыз. Себебі көп жағдайда сондай бағдарламаларды көрген жеткіншектер, әсіресе, мектеп балалары сол әдіс-тәсілдерді қолдану мақсатында кейде бір-біріне қол көтеріп жатады. Біз оны кейде байқамай, WhatsApp арқылы таратып жатамыз. Мысалы, қыздардың төбелесіп жатқанын немесе ер балалардың бір-бірін аяусыз ұрып жатқаны жайлы видеолар шарлап жүреді. Ал зорлық-зомбылық немесе қатыгездік керісінше, сол қытыгездікті туғызатыны белгілі, — дейді Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, алты айда жастар арасында 252 қылмыс тіркелген. Соның басым бөлігі қатыгездік әрекет. Бұдан бөлек, биыл жарты жылда зорлық-зомбылықты насихаттайтын 219 контент анықталған.
Зорлық-зомбылық көбінесе баланың танысы, көршісі немесе жақындары тарапынан жасалып жатады. Сондықтан ата-аналары ұят болады деп, баланы тыйып жатады. Соның бәрі баланың психологиясына әсер етеді, ол кейін суицидке апаруы, басқа да көптеген теріс салдары болуы мүмкін, — деді министр.