Ұлттық қордан тағы 3,6 триллион теңге алынады

Келесі жылы ұлттық қордан 3,6 триллион теңге трансферт тартылады. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 триллион теңге деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы – 20,1 триллион теңге, 2026 жылы – 21,2 триллион теңге.

Келесі жылы ұлттық қордан 3,6 триллион теңге (2023 жылы – 4 триллион теңге) көлемінде трансферттер тартылады. Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.

Яғни, жолдарды, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сонымен қатар «Жайлы мектеп» және «Ауыл денсаулығын жаңғырту»ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге бағытталады.

2024 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанып жатыр. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді, — деді қаржы министрі.