Басты бетЖаңалықтарБиыл бейнекамера арқылы 6 мың қылмыс ашылды

Биыл бейнекамера арқылы 6 мың қылмыс ашылды

Премьер-министр Әлихан Смайылов полиция жұмысын цифрландыру барысымен танысты. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Министр Марат Ахметжановтың айтуынша, ішкі істер министрлігі қала көшелері мен қоғамдық орындарда «толық қамту» принципімен бейнебақылау енгізіліп жатыр.

Жыл басынан бері полицияның жедел басқару орталықтарындағы (ЖБО) бейнекамера арқылы 6 мың қылмыс ашылды, 2,7 миллион жол ережесін бұзу, сонымен қатар 312 мың басқа да әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде биыл еліміздегі қылмыс көрсеткіші 17%-ке төмендеген.

Цифрландыру арқылы тиісті мемлекеттік қызметтер жұмысының тиімділігін арттыруға болатынына талай рет көзіміз жетті. Нәтижесінде еңбек өнімдігі артып, жемқорлық фактілері азаюда. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы Ішкі істер министрлігі де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Енді мұны аймақтарда одан әрі кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет, — деді Смайылов.

Бұдан бөлек, үкімет басшысы мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, оқу орындарында орнатылған бейнекамералардағы жазбалар мен дабыл түймешелерінің сигналдарын жедел басқару орталықтарына және полицияның кезекші бөлімшелеріне шығару барысы көрсетілді. Бүгінде мұндай шаралармен 3 654 мектеп қамтылған, бейнебақылау камералары 7 600 мектепте орнатылған. Оларды қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар ішкі істер органдарының мекемелері де жаппай бейнебақылаумен қамтылған. Барлығы 18 мың камера орнатылған. Бұл қызметкерлердің және жұмыс процесіне басқа да қатысушылардың іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.

Дәл осындай жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде де жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 52 колонияға 22 мың бейнекамера орнатылған. Бейнебақылауды қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ситуациялық орталығы мен прокуратура органдары жүргізеді.

Бұдан бөлек, үкімет басшысы «Цифрлық полицей»жобасы аясында сатып алынған жаңа бейнежетондардың жұмысын бағалады. Құрылғы видеоны басшылар мен басқа да тексерушілердің жұмыс орындарына онлайн режимде трансляциялайды. Бейнежетондарға орнатылған бағдарлама полиция қызметкеріне бейнежазбаларды өз бетінше жоюға, құрылғыны өшіруге немесе өзінің отырған жерін жасыруға мүмкіндік бермейді.