Елдегі автокөлік өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін Қазақстанның автокөлік одағы (ҚАО) құрылды.
Қазақстанның автокөлік одағы — сала ұйымдарын біріктіретін әрі олардың мүдделеріне өкілдік ететін коммерциялық емес құрылым. Одақ президенті Анар Мақашеваның айтуынша, ҚАО-ның мақсаты — адамдарға сапалы қазақстандық автокөліктерді арзан әрі тиімді бағада алуға мүмкіндік беру, елдегі автокөлік саласын дамыту, шағын және орта кәсіп арқылы автокомпоненттер өндірісін автоөнеркәсіпке кіріктіру үшін өнеркәсіптік кооперация құру.
Қазақстанның автокөлік нарығы салыстырмалы түрде жақында қалыптасты әрі түрлі жылдың дағдарысынан өтті. Бүгінгі таңда біз ресурстар мен тәжірибені біріктіре отырып, саланы, елдің экспорт әлеуетін дамыту, жергіліктендіруді тереңдету, компоненттік базаны дамыту, автоөндірушілер мен бизнестің мүдделерін қорғау миссиясын өзімізге алып отырмыз. Отандық көлік өнеркәсібі қазірдің өзінде өндірушілердің шанақты дәнекерлеу мен бояуда күрделі жұмысты істей алатын деңгейге жетті. Қазақстанда шағын, орта бизнестің дамуына әрі машина жасау саласында білікті кадрлар жүйесінің қалыптасуына жағдай жасайтын автокомпоненттер өндірісін жөнге салу үшін жеткілікті құзыретке ие болатындай деңгейге жетіп қойды, — дейді Анар Мақашева.
ҚАО қазіргі және болашақ қазақстандық кәсіпорындардың ресурстарын біріктіріп, отандық автоөнеркәсіпті дамыту арқылы Қазақстанды индустрияландыруды көздеп отыр. ҚАО бизнесті масштабтау, өнеркәсіптік кооперация, кластерлік экономиканы дамыту, ШОБ-қа тапсырыстарды қамтамасыз ете алатын автокөлік зауыттарының айналасында автокомпоненттерді өндіретін шағын және орта кәсіпорындардың қатысуымен технопарктерді қалыптастыру арқылы саланы дамыту стратегиясын ұстанады.
Қазақстанның автокөлік одағы құрамына Автокөлік өндірушілер қауымдастығы, Автокомпонент өндірушілер қауымдастығы, Қоғамдық көлік қауымдастығы, Импорттаушылар қауымдастығы, Дилерлер қауымдастығы, Жүрілген автокөліктерді өткізу жөніндегі қауымдастық, Автосарапшылар мен аудиторлар қауымдастығы кірді.
«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев одақ тек автокөлік саласын дамытып қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіп пен қоғам арасындағы байланысты жақсартып, ел экономикасын арттыратынына сенімді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның автокөлік нарығы — экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан секторларының бірі. Саланың ілгері басуында жергілікті өндіріс айтарлықтай рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚР ИИДМ) мәліметтері бойынша автокөлік жасау 38,6 % үлесімен елдегі жетекші машина жасау салаларының бірі болып саналады. Өткен жылы республикада барлығы 123,8 мың автокөлік сатылса, олардың 77 %-ын немесе 94,7 мың көлікті отандық кәсіпорындар шығарды.