Алматылық дәрігерлер аялдамадағы апаттан зардап шеккен жеті адамның жағдайы туралы айтты.
Бес зардап шегуші түрлі дене жарақатымен Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Тексеруден кейін үшеуі амбулаторлық емдеуге жіберілді. Бір науқастан ығысусыз сол жақ сан сүйегінің сынығы, сол жақ тобығының ығысусыз жабық сынығы анықталса, екінші науқасқа мидың шайқалуы, сол жақ жіліншіктің айдаршығының ығысқан жабық ұсақталған ілінді сынығы диагнозы қойылды. Екі науқас та травматология бөлімшесіне жатқызылды, — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Ведомство мәліметінше, екі жасөспірім Алматы балалар шұғыл көмек көрсету орталығына жеткізілді. Тексеру нәтижесі бойынша екі бала да нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды.
15 жастағы балада жабық бас-сүйек ми жарақаты, мидың шайқалуы, жұмсақ тіндердің зақымдалуы диагнозы қойылды. 16 жастағы екінші балада аралас жарақат, жабық бас-сүйек миының жарақаты, мидың шайқалуы, оң жақ жіліншіктің ортаңғы үштен бірінің жабық сынуы анықталды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, Алматыда көлік аялдамаға соғылды. Жол апаты туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.