Алматыда Абай, Жұбанов, Төле би көшелерін ұзарту жұмысы қашан аяқталады?

Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде Абай даңғылы, Төле би және Жұбанов көшелерін ұзарту жұмыстары қашан аяқталатынын айтты.

Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін (600 метр) ұзарту аясында бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарда бар. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген, — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, Төле би көшесін ұзарту мақсатында Алатау даңғылы мен Алтын орда көшесі арасында ұзындығы 700 метр жол салу жұмыстары басталды. Оны биыл 20 қарашаға дейін аяқтау көзделген.

Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту аясында бүгінгі таңда мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр (конкурстық рәсімдер биыл қазан айында аяқталады). Жұмыстар жер учаскелерін сатып алуға байланысты жүргізіледі, 2025 жылдың соңына дейін аяқтаймыз,- деді Ерболат Досаев.