Кеше Түркістан облысы Отырар ауданы Сырдария өзенінің жағасына бір әулеттен шыққан төрт отбасының мүшесі демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар депаратаменті хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Шомылуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның бесеуі балалар болса, алтауы – ересектер. Олар Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында тыйым салынған жерде шомылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары алдымен судан алты мәйітті шығарды. Кейіннен сағат 21.00-де жағадан 30 метр қашықтықта бір адамның денесін тапты. 22.50 тағы бір адамның мәйіті жағадан алты метр қашықтан табылды.
Іздестіру шараларына жалпы 144 бригада, 16 техника, алты жүзу құралы жұмылдырылды.
Осы уақыттағы жағдай бойынша, суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Олардың бесеуі балалар болса, қалған үшеуі — ересектер. Іздестіріліп жатқан үш адамның екеуі – жасөспірімдер. Қалған үш адамның мәйітін іздеу жалғасып жатыр.
Суға батып кеткендердің барлығы – Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылды. Оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы және еріктілер барды.