Франсис Фукуяма алғаш рет Орталық Азияға келді

Алматыда Leadership Academy for Development (LAD) бағдарламасы басталды. 5 күнге созылатын курста Франсис Фукуяма және Стэнфорд университетінің басқа да танымал эксперттері дәріс оқиды. Франсис Фукуяма Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

LAD мақсаты – реформа көшбасшыларына нақты аймақтағы, әсіресе Орталық Азиядағы мәселені анықтауды, оның себеп-салдарын тануды, ұжымдық, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы диалогқа сүйеніп, шешім қабылдауды үйрету. 

Курсқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдерінің жалпы 35 сарапшысы қатысады. Оларға Франсис Фукуяма, Эрик Дженсен, Мэри Хильдербранд, Эрик Хонтц сияқты белгілі мамандар дәріс оқиды.

LAD тақырыптық зерттеулер мен саяси проблемаларды шешудің дара жүйесін қамти отырып, үкімет пен одан тыс жерлердегі көшбасшыларға ұзақмерзімді саяси реформалар жүргізуге қажет машықтарды үйретеді. Бағдарлама дүниежүзінде шамамен 70 рет өтті, енді оны Орталық Азияға жеткізуге асықпыз, — дейді Франсис Фукуяма.

Қазақстанда Орталық Азиядағы Leadership Academy for Development бағдарламасын Стэнфорд университетінің демократия, даму және құқық үстемдігі орталығы, Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы, CAPS Unlock Орталық Азия саясатын зерттеу қоры мен Алматы менеджмент университеті ұйымдастырды. 

Бағдарлама Орталық Азия сарапшыларына Стэнфорд университетінің үздік профессорларынан білім алуға мүмкіндік береді. Оған қоса біз үшін үздік қайраткерлердің Қазақстан мен Орталық Азияға келуінің өзі маңызды. Бұл әлем қауымдастығына аймақтардың диалогқа, жаңа идея мен ашық қоғам қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді. Жаңа жаһандық қатерлерді түсіндіретін ойшылдардың арқасында адамзат күрделі геосаяси процестен өтіп, тиімді шешімдер тауып келе жатыр, — дейді CAPS Unlock атқарушы директоры Аида Айдарқұлова.