Алматыда дизельмен жүретін автобустар жаңартылып жатыр

Алматыда дизельмен жүретін автобустар жаңартылып жатыр. 21 тамыздан бастап №24 және №125 маршруттардың жылжымалы құрамы жаңартылады.

Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін №24 маршрутта алты дизельді автобус жұмыс істеген. Оның орнына енді 12 жаңа газбен жүретін автобус қызмет етеді. Сонымен қатар жолаушылардың сұранысы бойынша бұл бағыт ұзартылды. Ендігі бағыт: Сайын — Момышұлы — Төле би — Розыбақиев — Өжет ықшамауданына дейін Солтүстік айналма көшесімен жүреді.

Алдыңғы маршрут Үлкен Алматы каналы бойымен жүретін еді. Жаңартудан кейін қозғалыс жиілігі 20 минуттың орнына 12-13 минут болады.

Сонымен қатар №125 маршруттың жылжымалы құрамы толығымен жаңартылады, онда бұрын 6-7 дизельді автобус жүрген болатын. 21 тамыздан бастап осы бағытта 10 жаңа газбен жүретін автобус шығарылады.

Бұған дейін аталған маршруттың жиілігі 40 минут болса, жаңа автобустар шыққаннан бастап жүру жиілігі 15-18 минутқа дейін төмендейді деп жоспарланған. Барлық жаңа автобус орташа сыйымдылықта, он метрлік, едені төмен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдайлар қарастырылған. Салқындату жүйесімен және пешпен жабдықталған.