Басты бетЖаңалықтарАлматы көпсалалы...

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жүкті әйелге екі ота бір сәтте жасалды

Ағымдағы жылдың шілде айының соңында аурухананың қабылдау бөліміне оң жақ бетінің аймағында ауырсыну мен қан кетуге байланысты отыз жастағы әйел келіп түсті.

Науқастың айтуынша, ол бұрын жеке стоматологиялық клиникаға барып, оң жақтан 1,7 тісін алдырып тастаған. Кішігірім отадан кейін, тіс жұлынған жерден қайта-қайта қан кетіп, ауырсынулар байқалған.

Бір айдан астам уақыт бұрын мен жеке тіс дәрігеріне барып, тісімді жұлғызған болатынмын. Кейіннен азу тіс аймағында қан кете бастады. Тіс дәрігеріне қайта қабылдауға барғанда, ол тек қосымша тігістер салып берді, — дейді науқастың өзі.

Науқас жақ-бет хирургиясы бөліміне өте ауыр жағдайда келді, оның гемоглобині төмендеп, оң жақ беті ісіп, тістің еті қызарып, шамадан тыс мөлшерге ұлғайып кеткен. Сонымен қатар науқас жүктіліктің 37-ші аптасында болды.

Әйелдің жүктілігін ескере отырып, біз клиника директоры Э.А. Берикова, перзентхана меңгерушісі, гинеколог, медициналық бөлім бойынша орынбасары және жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің дәрігерлерінен тұратын шұғыл консилиум жинадық. Консилиум гемоглобиннің сыни деңгейіне және ұзақ уақыт бойы қан жоғалту көлеміне, сондай-ақ жалпы анестезиямен жақ-бет операциясын жүргізуге байланысты науқасқа кесарь тілігі және қан құю операциясын жүргізу туралы шешім қабылдады, — дейді бөлім меңгерушісі Марат Искаков.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы. ота,
Фото: Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы

Ота кезінде тамырлы хирургтар жаппай қан кетуді ескере отырып, сыртқы ұйқы артериясын байлап тастады. Осыдан кейін гематомалар мен сүйек сынықтары алынды. Хирургиялық араласу кезінде жоғарғы жақ сүйегінің төменгі перфорациясы және жоғарғы жақ остеомиелиті табылды,қорытындысы бойынша 1.6, 1.8 тістер алынып тасталды. Толық операциядан кейін және перфорация жабылғаннан кейін науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін реанимация бөліміне ауыстырылды.

Бүгінгі таңда науқас пен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, олар жақын арада үйге шығарылады.