Qazaq Air әуе компаниясы жекешелендіруге қойылды. Бұл туралы әуе тасымалдаушының баспасөз қызметі хабарлады.
«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air АҚ-ның 49%-тен 100%-ке дейінгі акцияларын сату бойынша ашық конкурс өтетінін жариялады.
Қазақстанның әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру, Qazaq Air әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейту, флотты ұлғайту және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвестор тарту қарастырылып отыр. Жекешелендіруді әуе компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізеді, — делінген хабарламада.
Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінім қабылдау 2023 жылғы 28 қыркүйекте аяқталады. Екінші кезең бойынша конкурс қорытындылары 2023 жылғы 15 желтоқсанда жасалады.
Акциялардың бастапқы/ең төменгі бағасы : 10 200 000 000 теңге.
Әуе компаниясын үкімет бекіткен жекешелендіру жоспары бойынша, осы жылдың соңына дейін жекешелендіру көзделіп отыр.