Әйгілі кәсіпкер Арман Тосқанбаев Жоан Магреттаның «Майкл Портердің озық ойлары» (Understanding Michael Porter) деген кітабын қазақ тіліне аударады.

Бұл еңбек дүниежүзіндегі ірі компания басшылары мен мемлекеттік шенеуніктерге арналған анықтама нұсқаулығы болды. Кітап көптеген теория жүзіндегі жұмыстарға қарағанда тәжірибе саласында даму стратегияларын әзірлеуге көмектеседі. Дәл осы ерекшелігі туындының танымал болуына септігін тигізді.

Харвард бизнес мектебінің профессоры Майкл Портер — ең беделді америкалық экономистердің бірі және бәсекенің табиғатын зерттеудегі жетекші сарапшы. «Майкл Портердің озық ойлары» кітабында оның көп жылғы еңбегінің барлық маңызды нәтижесі баяндалған.

Бүгінге дейін еңбек 12 тілге аударылған. Жас миллионер Арман Тосқанбаев бұл кітаптың қазақ тілінде сөйлейтін және оқитын аудиторияға пайдалы болатынына сенімді.

Бүгінде орыс немесе ағылшын тілін білмейтін көптеген жастар пайдалы ақпарат ала алмай, әлемнен артта қалып отыр. Себебі ең өзекті жаңалық пен ақпарат ең әуелі ағылшын тілінде шығады. Бірнеше жылдан соң орыс тіліне тәржімаланады. Ал қазақ тілі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады, — деді Арман Тосқанбаев.

Кәсіпкердің әлемнің 11 елінде жеті компаниясы бар. Өзінің айтуына қарағанда, ол Майкл Портер сияқты менеджмент гуруларының кітабындағы кеңестердің рқасында өз кәсібін дамыта алған. Сол себепті меценат еліміздегі жас буынның, жас кәсіпкерлердің табысқа жетуіне көмектесетін бестселлерді қазақшаға аударуды жүйелі түрде қаржыландыруды ұйғарды.

Жас қазақстандықтарға, әсіресе өңірдегілерге кәсіптегі білім мен дағды жетіспейді. Соған қарамастан идеяға толы, өз өмірін және елімізді дамытуға ұмтылып жүрген жастар көп. Біз ақпарат вакуумын толтыру арқылы кәсіпкерлерге алғашқы қадамын жасауға және аз қате жіберуге көмектесеміз. Оған қоса қазақ тілінің дамуына маңызды үлес қосып жатырмыз, – деді Арман Тосқанбаев.

Бұған дейін кәсіпкер Бодо Шефердің «Қолымнан келеді» және Грефтің «Би алаңындағы піл» деген кітабының қазақша басылымын қаржылай қолдаған. Жақында Арман Тосқанбаев «Майкл Портердің озық ойларымен» қоса, кәсіп, экономика және қаржы туралы әлемге әйгілі кем дегенде екі кітапты аударады.