БҚО ӨКҚ алаңында өткен брифингке облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов қатысып, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы баяндап берді.
Оның айтуынша, есепті мерзім ішінде еңбек заңнамасы нормаларын бұзу фактілері бойынша 759 өтініш келіп түскен, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артық. Өтініш білдіргендер мәселелерінің негізгі сипаты: жалақыны және басқа да төлемдерді уақтылы және толық төлемеу мәселелері; жұмыстан босату мәселелері; тәртіптік жаза шараларын қолдану мәселелері; жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру мәселелері. Сәйкесінше, өтініштердің көбеюімен тексеру іс-шараларының саны да өскен.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары 102 кәсіпорын мен ұйымды тексерді. Тексеру барысында 182 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек қатынастары саласында – 151, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 26, халықты жұмыспен қамту бойынша — 5. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 86 нұсқама беріліп, 8 млн. 599 млн. теңге көлемінде 53 айыппұл салынды және 17 ескерту берілді.
Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша барлығы 24 жазатайым оқиға орын алды, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 35% — ға төмен. Жазатайым оқиғаларда барлығы 27 адам зардап шекті, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38% — ға төмен.
Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бүкіл республика бойынша электрондық еңбек шарттарын «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесіне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаның күтілетін әсерінің бірі – «жалақыны көлеңкеден шығару».
Жалпы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ахуалдық орталығының деректері бойынша 2018 жылғы 1 қарашадан бастап бүгінгі күнге дейін ЕШЕБЖ ақпараттық жүйесіне 14 464 кәсіпорын қосылған және 356 796 еңбек шарты енгізілген.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, соңғы үш жылда кәсіподақтары бар кәсіпорындарда еңбек даулары санының үш есе төмендеуі немесе олардың мүлдем болмағаны байқалады. Сондықтан жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді, сондай-ақ әлеуметтік әріптестерді еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу бойынша барынша күш-жігер жұмсауға шақырамын. Ал еңбек инспекциясы өз тарапынан Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша өз көмегін көрсетуге дайын, — деді А.Тұйғынбетов.