Алматыда 7 миллиард теңгенің жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Алматыда құны 7 миллиард теңге тұратын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы шекарасы кеңейтілген 2014 жылы Алматы облысының жер учаскелерінің бір бөлігі қала құрамына енді. Сол кезде «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС Алматы облысы Қарасай ауданындағы құны 7 миллиард теңге болатын 30,9 гектар жерді қосалқы шаруашылық жүргізу үшін алған. Алайда ЖШС жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған.

Прокуратураның талап-арызы бойынша Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Сот шешімі күшіне енген жоқ, — делінген прокуратура хабарламасында.