2023 жылы «Теңізшевройл» компаниясына түрлі экологиялық заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 2,8 миллиард теңге айыппұл салынды.
Бұл туралы Атырау облысы экология департаменті хабарлады.
2023 жылы Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Теңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаға экологиялық эмиссияларды рұқсатсыз шығарғанын, рұқсат етілген нормативтерден асырып жібергенін және жерді бүлдіргенін анықтап, заң бұзушылыққа жол берген тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынды, — делінген хабарламада.
Осыған орай, Атырау облысы бойынша экология департаменті «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 337-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасап, қарау үшін Жылыой аудандық сотына жолдады.
Жылыой аудандық сотында жоғарыда аталған істер біріктіріліп қаралып, нәтижесінде «Теңізшевройл» ЖШС-не жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды.