Азық-түлік неге қымбаттап жатыр? Эксперт жауабы

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Азық-түлік бағасының өскені көптен бері талқыланып келеді. Халық ақшаның құны қалмағанын, дүкеннен екі-үш тауар алса да, біраз ақша төлейтінін айтып жүр. Baribar.kz тілшісі азық-түлік бағасы кейінгі ширекте қаншалық өскенін есептеп, эксперттен бағаның өсуіне не әсер ететіні туралы, мұндайда кім және не істей алатыны туралы сұрап көрді.

Қаладағы танымал азық-түлік дүкендерінің бірінің онлайн қолданбасы арқылы кейбір тауарлардың бағасы жаз басталғалы қалай өзгергенін есептеп көрдік.

Майлылығы 3,2% «Петропавловское» сүті маусым айында 405 теңге тұрса, қазір 535 теңгеден сатылып жатыр. Маусымда 669 теңгеден сатылған ұнның қазіргі бағасы — 835 теңге.

азық-түлік бағасы, қымбаттау
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Азық-түлік, сүт бағасы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Дүкендерде тек азық-түлік емес, тұрмыстық химия да қымбаттаған.

тұрмыстық химия
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Азық-түлік бағасының өсуіне не себеп?

Экономист Қуанышбек Дүйсенов азық-түлік бағасы биыл бірден 30%-ке өскенін айтады. Оның айтуынша, мұның басты себебі — Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінде 19 өнім бар, олардың сауда маржасы 15%-тен аспауы керек. Бірақ баға осы белгіден асып кетті. Зерттеулер бойынша, кейінгі уақытта тек жұмыртқа 7%-ке арзандаған. Сүт өнімдері, тауық еті және басқаларын қоса алғанда бәрі шамамен 30% және одан да көп қымбаттаған, — дейді эксперт.

Қуанышбек Дүйсенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Экономист Қазақстанда азық-түлік бағасы бұрын-соңды осыншалық өспегенін айтады. Эксперттің айтуынша, елде инфляция деңгейі үнемі бірқалыпты болған.

Тәуелсіздік алған жылдардағы, Қырым аннексиясынан кейінгі дағдарысты есептемегенде Қазақстандағы инфляция үнемі бірқалыпты болды деуге болады. Азық-түлік бағасы 2022 жылы күрт өсті. Қазақстанның негізгі сауда серіктесі — Ресей, өйткені импортымыздың көп бөлігі сол елден әкелінеді. Қазақстанға жасалатын импорттың 34,7%-і Ресейге тиесілі. Ресей былтыр Украинаға аз уақыт ішінде кіріп кетті, кейін Ресейге түрлі санкция салына бастады. Осыдан соң Ресейде импорт төмендеп, өндіріске қажет көп өнімді сырттан да ала алмайтын болды. Сондықтан ол жақта қолда бар тауарға сұраныс артып, баға да өсіп кетті. Қазақстан санкция салынбай тұрып та негізгі өнімдерді Ресейден алдыратын. Санкция салынды, әлі күнге дейін қымбаттаса да, бәрін Ресейден сатып алып жүрміз. Бағаның күрт өскенінің негізгі себебі — осы. Ресейдің INFOLine зерттеу агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы азық-түлік 30%-тен 50%-ке дейін Ресейден келеді, — дейді эксперт.

Қазақстан өзге елдермен серіктес бола ала ма?

Қуанышбек Дүйсеновтың айтуынша, Қазақстан қазір Ресейден басқа елмен серіктес бола алмайды. Себебі өзге елмен серіктестік орнату ондаған жылға созылуы мүмкін.

Ортада ЕАЭО шектеулері бар болғандықтан билік әзірге Ресей тауарларын сатып алудан бас тарта алмайды. Тауарды басқа елден алсақ, шығын көп болады. Бәрібір Ресейден келетін тауарлардың тарифтік, кеден төлемдері, логистика құны арзандау болып тұр. Мұның бәрі — сол ЕАЭО жеңілдіктері. ЕАЭО-да тек Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан бар. Өзге елдерде баға төмен болғанымен, Қазақстанға келгенде тауар қымбаттап кетеді. Оның үстіне сауда серіктестігін орнату бірден бола қоймайтын процесс, — дейді ол.

Қуанышбек Дүйсенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұндайда мемлекет не істей алады?

Эксперт қайткен күнде де үміт барын айтады. Ол Қазақстан Қытаймен серіктестік орнатып, Ресейден келетін көп тауарды сол елден алуға болады деп есептейді.

Қазір Қазақстан-Қытай сауда серіктестігі қарқынды дамып келе жатыр. Белгілі бір деңгейде Ресейлік тауарлардың орнын осы Қытай тауарларымен алмастыруға болады. Бұған қоса Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Түркия мемлекеттерімен сауда серіктестігін арттыруға болады, — дейді ол.

Экономистің айтуынша, Қазақстан импорттық тауардың бәрін өзі-ақ өндіре алады. Ол халықты негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етуге Қазақстанның әлеуеті жеткілікті деп есептейді.

Бірақ, меніңше, еліміз импортқа тәуелді азық-түлікті  кемінде ішкі нарыққа жететіндей етіп өндіре алады. Бізде кемі осыған жететін шикізат қоры бар. Қазақстан халқының әл-ауқаты үшін осы әлеуетті пайдаланған маңыздырақ деп ойлаймын. Халық қымбатшылықтан қысылмайды, кәсіпкерлік те  дамиды. Сонымен қатар импортқа тәуелді болмай, серіктес Қытай және халық саны көп көршілес елдерге шығу арқылы экспорттық әлеуетті іске асыру керек деп ойлаймын. Бұған да шамамыз жетеді, — дейді экономист.

Эксперт бұл үшін елдегі кәсіпкерлікті қолдау шараларына бақылау күшеюі керек дейді. Ол шаруашалықты қолдау мақсатында бөлінетін қаражат алаяқтық мақсатта жұмсалып жатыр деп есептейді.

Қазір елде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ақша бөлініп жатыр, субсидия алып жатқандар да бар. Бірақ бұл ақша шынымен кәсіпке, елдегі тауар өндірісін арттыруға жұмсалып жатыр ма, соны қатаң қадағалау керек. Себебі қазір кәсіпкерлікке деп бөлінген ақшаға пәтер сатып алып, үстінен ақша қосып сатып, тек пәтер бағасының өсуіне үлес қосып жүрген алаяқтар да бар. Мемлекет есеп сұрағанда, қатал болуы керек. Әркім өз жағдайын жасаймын деп, осындай әрекетке барса, баға тек шарықтай береді, — дейді маман.

Азық-түлік өндірісін қаржыландыру неге маңызды?

Экономист азық-түлік бағасы тұрақталуы үшін субсидиялау жобаларын бір пысықтау керек дейді. Ол Қазақстан әуелі азық-түлік өндіретін кәсіпкерлерге ақша бөлуі керек екенін айтады.

Азық-түлік өндірісін субсидиялау керек. Елдегі шикізат секторы әзірге жақсы деңгейде, Қазақстандағы мұнай немесе металдарды Ресей арқылы жеткізуде іркілістер болмаса, онда экономикамызға үлкен экспорттық кіріс түседі. Сол қаражаттың бір бөлігін азық-түлік өндірісі бойынша субсидияларға жіберу керек. Бұл арқылы мемлекет бағаның өсуін тоқтата алады, осылайша халықтың кедейленуінің алдын алады. Әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік бойынша Қазақстан “өзімен-өзі” серіктес болуы. Егістікпен айналысуға ниетті, азық-түлік өндіруге ниетті кәсіпкерлерді қаржылай қолдау керек. Кейін мемлекет өзімізде шығатын өнімнің өзімізге қымбатқа сатылмауын қадағалауы керек, — дейді эксперт.

Эксперт мемлекет кәсіпкерлерге жағдай жасап, азық-түлік өндірісіне басымдық берсе, алдағы бес жылда жағдай өзгереріне сенеді.

****

Тағы оқыңыз:

Пәтері өртенген тұрғын өтемақыны қалай өндіріп алады?