Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін түсіндірді

Шілдеде еліміздің мемлекеттік борышына шамамен 100 миллиард теңге қаражат салынды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты.

Биыл шілде айының соңында теңге бағамы 1 доллар үшін 445,89 теңгеге дейін немесе қаңтар-шілде айларында 3,6%-ке нығайды. Шілде айында теңгенің 1,4%-ке нығаюына мұнай бағасының өсуі, бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялауы себеп болды. Шілде айының өзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышына шамамен 100 миллиард теңге қаражат салынды, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету үшін ұлттық қордан шілде айында 591 миллион долларға валюта сату да теңгеге қолдау көрсетті. Валютаны міндетті сату үлесі 1 шілдеден бастап 50%-тен 30%-ке дейін төмендетілгеннен кейін квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату үлесі шілде айында 195 миллион доллар болды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюта сатып алуы шілде айында 240 миллион доллар болды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін 15%-ке дейін біртіндеп көтеруді жоспарлап отыр. Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенциялар жүргізбейді, — деді Виталий Тутушкин.