Махачкаладағы жарылыс: Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстан Республикасының Махачкала қаласындағы жанар-жағармай станциясында болған жарылыс салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болған адамдардың туған-туыстарына Қазақстан халқының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Сонымен қатар зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

Еске салайық, тамыздың 14-інен 15-іне қараған түні Дағыстан астанасы Махачкала қаласында жанар-жағар май құю станциясында жарылыс болып, үлкен өрт болды.
Осы уақытта қаза болғандар саны 27 адамға жеткені хабарланды. Үйінділерду ашу, адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Дағыстанда 15 тамыз аза тұту күні болып жарияланды.