Елімізде 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің жалақысы өседі

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда 97 мың тәрбиеші 30%-ке жоғары жалақы алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл тәрбиешілер жалақысы 2,5 есеге өседі. Осылайша, мамандыққа мүмкіндігінше жаңа мамандарды тарту жоспарланған. Бүгінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша оқыту Қазақстанның 39 жоғары оқу орны мен 119 колледжінде жүргізіліп жатыр.

Колледждер мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, «Мұғалім» кәсіптік стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді, оқу бағдарламасы мен жоспарларын өз бетінше жаңартады. Биыл барлығы 20 мыңнан аса мектепке дейінгі тәрбиешілер біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.