Шілде айында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар Орал қаласынан ішкі және халықаралық авиарейстерді жүзеге асыру, рейстердің санын арттыру және авиабилет бағасын төмендету мәселелерін көтерген болатын.
Аталған отырысқа Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Т.Ластаев, әуе тасымалдаушы компаниялардың басшылығы, М.Маметова атындағы Орал халықаралық әуежайының басшылығы қатысып, депутаттар тарапынан мәселелерді оңтайлы шешу үшін Азаматтық авиация комитетіне бір ай мерзім ішінде тиісті шара қабылдау бойынша тапсырма берілген еді. Таяудағы тұрақты комиссия отырысында Азаматтық авиация комитетіне берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2023 жылдың 1 тамызынан бастап қазақстандық компаниялар Орал қаласына орындалатын рейстер санын ұлғайтты.
«Air Astana» әуе компаниясы жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап Астана – Орал және Алматы – Орал бағыттары бойынша Embraer E190 (108 орын) әуе кемесін үлкен тасымалдау сыйымдылығы бар Аirbus A320 (180 орын) әуе кемесіне 54 рейсте ауыстыру жүргізілді:
Астана-Орал бағыты бойынша аптасына 3 рейс (дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі) А320 типті әуе кемесімен орындалатын болады;
Алматы-Орал бағыты бойынша аптасына 5 рейс (сейсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі, жексенбі) А320 типті әуе кемесімен орындалатын болады.
Жалпы алғанда, креслолар саны 5832 креслодан 9720-ға дейін ұлғайтылды, бұл өз кезегінде тасымалдау сыйымдылығын 66% — ға арттырды.
Сонымен қатар, Орал қаласы әуежайының рульдік жолын реконструкциялау, сондай-ақ ЭҚБД-да (ұшу қауіпсіздігінің баламалы деңгейі) көрсетілген тәулігіне рейстер саны бойынша шектеулерді алып тастау шартымен «Air Astana» әуе акомпаниясы сыйымдылығы бойынша үлкен Airbus A321 (220 орын) әуе кемесімен ауыстыратын болады, бұл өз кезегінде тасымалдау сыйымдылығын Астана – Орал бағыты бойынша қосымша 58% – ға және Алматы-Орал бағыты бойынша қосымша 38% — ға арттырады.
«Fly Arystan» әуе акомпаниясы Ақтау – Орал бағыты бойынша аптасына 3 рейс (сейсенбі, бейсенбі, сенбі) орындауды қайта бастады.
Бұдан басқа, «Fly Arystan»авиакомпаниясы ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында Алматы – Орал бағыты бойынша рейстерді 4-тен 7-ге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр (оның ішінде күндізгі уақытта 1 рейс).
Сонымен қатар, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін 2023-2024 жылғы күзгі-қысқы навигация кестесін қайта қарап, Алматы – Орал бағыты бойынша 3 рейс, Астана — Орал бағыты бойынша 1 рейс және Ақтау — Орал бағыты бойынша 2 рейсті «Fly Arystan» әуе компаниясы күндізгі уақытта орындайтын болады.
Сондай-ақ, «Fly Arystan» әуе компаниясы туристік агенттіктер тиісті сұрау салумен жүгінген жағдайда Орал қаласынан халықаралық рейстерді чартерлік негізде іске қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Депутаттардың табанды еңбегінің нәтижесінде 1 тамыздан бастап рейстердің тасымалдау сыйымдылығы 66% — ға ұлғайтылды, күндізгі уақытта орындалатын рейстер саны да 42% — ға ұлғайтылды.