Ақтөбеде магистралды газ құбырының жаңа желісі салынады

Ақтөбеде «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісі салынады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы мен оған іргелес аумақтар «Бұқара-Орал» және «Жаңажол-Ақтөбе» магистралды газ құбырларының үш желісі арқылы газбен қамтамасыз етіледі. Қазіргі күні Ақтөбе қаласында «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісінің құрылысы басталған.

Ауқымды жобаның жалпы құны 43,4 миллиард теңге. Сағатына 526,5 мың текше метр өткізу қабілеті бар 165 шақырым магистралды газ құбыры салынады. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа газ құбыры 3 триллион теңгеден астам сомаға 17 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді, — деді Әлихан Смайылов.

Жыл сайынғы халық санының өсуі, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарының салынуы газ тұтыну көлемі мен қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отыр.