Қазақстанда 18,5 мыңға жуық Абай тұрады

Қазақстанда Абай күніне орай ұлттық статистика бюросы ақын есімімен аттас қазақстандықтар туралы деректерді ұсынды.

Бүгінде Қазақстанда Абай есімді 18 452 адам тұрады. Ақынмен аттас тұрғындар саны Түркістан облысында көп кездеседі. Мұнда 2 050 адам тұрады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар ұлы ақынның есімі берілген адам саны жағынан екінші орында – Астана. Елордада ұлы ойшылдың атын арқалаған 1 930 адам тұрады. Алғашқы үштікті Абай есімді 1 588 адам тұратын Алматы облысы түйіндейді.

Ақынның есімі бар тұрғындар саны Ұлытау өңірінде өте аз. Мұнда небәрі 194 адам тұрады. Ақынның туған өлкесінде (Абай облысында) 238 адам тұрады.

Жас құрамын қарасақ, Абай есімді 17 жасқа дейінгі 4 297 бала бар, ал 18 бен 44 жас аралығында – 8 231 адам.