Степногорск қаласын дамытуға 107 миллиард теңге бөлінеді

Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногорск қаласы жаңа серпінмен дамиды. ҚР үкіметі қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Жоспарда 83 шара көрсетілген. Онда денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, агро-өнеркәсіптік кешен, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту және тағы басқа шара кіреді, — делінген хабарламада.

2027 жылға дейін жоспарды іске асыруға шамамен 107 миллиард теңге бөлу жоспарланған, оның 62 миллиард теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болады.

58,3 миллиард теңге тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға және тозған инфрақұрылымды жөндеуге кетеді, ол 23 жоба болады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, — делінген хабарламада.

Жоспар бойынша, 2027 жылға қарай қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 550 миллиард теңге деңгейінде қамтамасыз етілсе, өңдеуші сектор өнімі кемінде 70% болады. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ке артады.

Құжатта жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін белгіленген мерзімге дейін 74%-тен 90%-ке дейін арттыру жоспарланған.