Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның 194...

Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр

Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Қазақстан азаматтарының шетелде еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылданды. Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық, — деді Тамара Дүйсенова үкімет отырысында.

Оның айтуынша, азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мәселесі пысықталып жатыр.

Бұл ретте, migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады. Оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады. Шетелде жұмыс істегісі келген адам алдымен тіл үйренеді, міндетті медициналық тексеруден өтеді, сосын шетелге шығатын құжаттарын рәсімдейді, — деді Тамара Дүйсенова.