Қазақстанда орташа айлық жалақы туралы мәлімет жаңарды. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2023 жылдың II тоқсанында Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы 2022 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 17,1%-ке өсіп, 365 502 теңге болды. Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні 2023 жылғы II тоқсандағы бағалау бойынша 240 779 теңге болды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 70 000 теңге болып белгіленді, — делінген хабарламада.
Жалақының медианалық мәні — өсу немесе кему ретімен сұрыпталған деректер жинағындағы барлық жалақының ортасындағы жалақы деңгейі.
2022 жылғы осы тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі байқалған салалар:
- ақпарат және байланыс – 36%,
- көлік және қойма – 24,6%,
- ауыл, орман және балық шаруашылығы – 23,7%,
- көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 21,8%,
- білім беруде орташа айлық жалақының өсуі — 10,2%,
- денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 15,6%.
Бірақ нақты мәнде жалақы көлемі былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда төмендеген салалар да бар:
- құрылыс – 3,5 пайыз,
- тұру және тамақтану қызметтерін көрсету – 2,6%,
- білім беру – 4,8%,
- сонымен қатар денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 0,1%.