Қарағанды облысында балалардың улануы себебіне инфекциялық аурулардың қатысы жоқ. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылды. Қазіргі таңда оларды орталықтағы дәрігерлер бақылап отыр. Алты бала реанимация бөлімшесінде жатыр, төрт баланың жағдайы оң динамикамен ауыр жағдайда қалып отыр. Екі баланың жағдайы өте ауыр күйде. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болды, — деді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, осы оқиға бойынша республикалық және облыстық деңгейдегі мамандардың кеңейтілген консилиумдары күн сайын ұйымдастырылып жатыр.
Министрлік зардап шеккен балалардың жағдайына мониториң жүргізуді және медициналық көмек беруді жалғастырып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру іс-шараларын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемилогиялық тексеру, зертханалық зерттеу нәтижелері аурудың таралу сипаты тамақтан уланудан болмағанын, сонымен қатар инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайдың болуы себебіне тоқталсақ, дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты улану деп пайымдайды. Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Балалардың жағдайын министрлік бақылап отыр, — деді министр.
Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет беру орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде жатыр.