ТЖМ: 1 072 елдімекенде су тасқыны қаупі бар

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов су тасқыны қаупінің алдын алу шараларын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өңірлердегі су тасқыны мен зардаптарының алдын алу төрт бағдарламалық құжат шеңберінде жүзеге асырылады. Олар – әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары, 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы, өңірлерді дамыту және жазғы-күзгі кезеңге арналған инженерлік жұмыстар жоспарлары.

Барлық бағдарламалық құжаттардағы іс-шаралардың орындалуы нәтижесінде 455 мыңнан астам халық тұратын 100 мыңнан астам тұрғын үйі бар 607 елдімекенде қауіпті азайтуға және 214 елдімекендерде қауіпті жоюға мүмкіндік берді. Қазір өңірлерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биыл өңірлерде 25 шақырым уақытша бөгендер мен 57 шақырым қорғаныш білігі тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым каналдар мен 6 мың шақырым арық, 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам шақырым темір жол су өткізу құрылыстары тазартылды, — деді министр үкімет отырысында.

Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елдімекендердің тізімі жаңартылды және нақтыланды, нәтижесінде олардың саны 24-ке өсіп 1 072 болды. Бұл осы елдімекендерде алдын алу іс-шараларын толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды одан әрі іске асыру үшін ТЖМ бастамасымен өңірлік жоспарларға еріген және жаңбыр суының тасқынынан халықты қорғау деңгейінің индикаторы енгізілді, бұл олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Сырым Шәріпханов.