Бүгінге дейін қазақстандық фермерлер 12,7 миллион тонна шөп дайындады, бұл биылғы жылға жоспарланған көлемнің 50,7%-і.
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Биыл өңірлердің жемшөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 миллиард теңге бөлінді. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бар.
Биылдан бастап алғаш рет жемшөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті дизель отынын ала алады. Өтінімдерге сәйкес жанармайдың қажеті 57,9 мың тонна көлемінде қалыптасты. Қазір жеткізу басталды, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна көлемінде жемшөп қорын қалыптастырды, оның қорлары қажет болған жағдайда мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарын арзандатылған бағамен қолдау үшін бағытталатын болады.
Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша фермерлердің несиелік борыштарын ұзарту және қайта құрылымдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр, — делінген хабарламада.