Басты бетЖаңалықтарЕнді бұралқы...

Енді бұралқы иттерді аулау процесі міндетті түрде видеоға түсірілуі керек

Бұралқы ит пен мысықты аулайтындар енді жұмыс процесін видеоға немесе фотоға түсіруге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан стандарттау және метрология институты хабарлады.

Иесі жоқ жануарларға қатысты күрделі мәселелер қоғамның жіті назары мен жедел әрекетін қажет етеді. Бұл тұрғыда Қазақстан стандарттау және метрология институты бұралқы иттерді аулау және тасымалдау процесін реттеуге, сонымен қатар иесіз ит пен мысықтарды күтіп ұстауға әрі оларға емдеуге бағытталған стандарт жоба әзірледі, — делінген хабарламада.

Енді бұл стандарт келісуден өту керек. Қоғамнан тиісті ұсыныстар болса, олар аталған стандартқа енгізіледі. Осыдан кейін оны жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.

Жаңа стандартқа сәйкес, енді қараусыз жүрген ит-мысықты аулайтын қызметкерлер бұл процестің әр кезеңін видеоға немесе фотоға түсіруге міндетті болады. Бұл қадамдар бұралқы иттерге қатысты қатыгездік жағдайларына жол бермеуге бағытталған. Аулау барысында оларды өлтіруге, қауіпті болатын уланған азық түрлерін пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, стандарт аясында иесіз жүрген ит-мысықтарды аулағанда және тасымалдағанда қолданылатын препараттарға, құрылғылар мен механизмдерге қойылатын қатаң талаптар бекітіледі, — делінген хабарламада.