Алтын, көмір, темір, мұнай, мыс кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылды

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізаты кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Бұл туралы Рrimeminister.kz хабарлады.

Үкімет шарт талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Осылайша, жүргізілген талдау нәтижелері бойынша уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар (ПҚҚ) бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), сонымен қатар көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды.

Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және т. б. кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады.

Бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді.

Қазірдің өзінде 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 1,5 миллиард теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 миллиард теңгеден асады.

Бұл ретте уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Осылайша, мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 миллион теңге айыппұл өндірілді (2023 жылдың басынан бері 603 миллион теңге), сонымен қатар көмірсутек шикізаты саласындағы тоғыз келісімшарт бойынша 1,94 миллиард теңге берешек өтелді.

Үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысы жалғасады.