Басты бетЖаңалықтарҚонаев қаласының...

Қонаев қаласының бас жоспары қабылданды

Қонаев қаласын дамытудың жаңа стратегиясы айқындалды. Оның негізгі бағыттары үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген Қонаевтың бас жоспарында көрсетілген.

Бұл туралы Рrimeminister.kz хабарлады.

Бас жоспардың негізгі мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Онда қаланың перспективалық шекарасына қосылатын елдімекендер мен тұрғын үй кешендері де ескеріледі.

Жоспарды іске асырудың есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Осы кезеңде қала өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени, өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына, сонымен қатар Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс. Қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі, судағы демалыс орны және су спорты, туризм, аң аулау және балық аулау орталығы ретінде әлеуеті де зор.

Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін жоспарда экономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау жүйелері, инженерлік, көлік инфрақұрылымы және көше-жол желісі, көгалдандыру, жылу, электр, газ, сумен жабдықтау, су тарту және т.б. жөніндегі іс-шаралар көрсетілген.

Өңірдің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртуға және одан әрі дамытуға жақсы серпін беріледі. Қонаев қаласының авиация, теміржол, жол және су көлігін қолданудағы көлік-логистикалық жүйесінің мультимодальдығы оны Алматы облысындағы орталық көлік-логистикалық хабқа айналдырмақ.

Жасыл электр энергиясын өндіру көздері – Қонаев қаласының индустриялық-инновациялық дамуының маңызды аспектісі.

Қаланың әлеуметтік саласын дамытудағы басымдық – оны Алматы облысының және өңірдің туризм, демалыс, спорттық демалыс орталығы статусына сәйкес келетіндей етіп дамыту. Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй салынбақ. Жоспар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер санын екі есе көбейту көзделеді.

Денсаулық сақтау жүйесінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардағы төсек-орын саны, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін нысандар, сонымен қатар жедел жәрдем станциялары мен көліктер саны екі есе артады.